Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2021 жылғы 24 тамыздағы № ҚР ДСМ-90 бұйрыққа қосымша
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары көрсететін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсетуді ұйымдастыру тәртібі
66. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес МСАК ұйымдарымен мынадай мемлекеттік қызметтер көрсетіледі:
1) дәрігердің қабылдауына жазылу;
2) дәрігерді үйге шақыру;
3) МСАК көрсететін медициналық ұйымнан анықтама беру;
4) МСАК көрсететін медициналық ұйымға бекіту.
67. МСАК ұйымы пациентке өз бетінше жүгінген кезде телефон байланысы арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – ЭҮП) арқылы "Дәрігердің қабылдауына жазылу" мемлекеттік қызметін ұсынады.
Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін) МСАК ұйымы ЭҮП арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Процестің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын "Дәрігердің қабылдауына жазылу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес келтірілген.
Пациент өз бетінше немесе МСАК ұйымына телефон байланысы арқылы жүгінген кезде МСАК мамандары "Дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу" журналына жазба енгізеді және дәрігердің қабылдау кестесіне сәйкес ауызша түрде дәрігердің қабылдау уақыты мен күні көрсетілген жауапты береді.
Пациент ЭҮП арқылы жүгінген кезде пациентке "Жеке кабинетке" электрондық өтінім мәртебесі түрінде хабарлама түседі. "Дәрігердің қабылдауына жазылу" мемлекеттік қызметін көрсетуге сұраныс қабылданғаннан кейін пациентке медициналық көмек белгіленген уақытта көрсетіледі.
МСАК ұйымы Заңның 5-бабының 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі мақсатында ақпараттық жүйеге "Дәрігердің қабылдауына жазылу" мемлекеттік қызмет көрсету туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.